2015 жылғы 30 сәуір, Астана қаласы
Тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекiту туралы
«Темiржол көлiгі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 34-25) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса берiліп отырған Тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә.ИСЕКЕШЕВ
«КЕЛІСІЛДІ»:
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
_______________ Қ. Қасымов
2016 жылғы 15 наурыз «КЕЛІСІЛДІ»:
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
_______________ Е. Досаев
2016 жылғы 19 қаңтар
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 30 сәуірдегі №533 бұйрығымен бекітілген
Тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Теміржол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабының 2-тармағының 34-25) тармақшасына сәйкес әзірленген және тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті атқарушы орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
2) кеден органдары – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасындағы кеден ісін іске асыруды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік кіріс органдары;
3) ішкі істер органдары – адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органдары.
2. Тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясы мен
тасымалдаушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі
3. Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүктерді, жүк багаждарын және почта жөнелтілімдерін республикаішілік қатынаста тасымалдау Заңның 14-бабының 2-тармағының 34-15) тармақшасына сәйкес бекітілетін Жолаушыларды, багажды, жүктерді, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларымен белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
4. Заңның 8-бабының 4-тармағына сәйкес темiржол көлiгiмен халықаралық қатынаста және транзитпен жолаушыларды, багажды, жүктi және жүк-багажды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Ұлттық теміржол компаниясы және тасымалдаушылар тасымалдарды жүзеге асыру кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сонымен қатар, уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.
6. Жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүкті, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау кезiнде және көлiктiк-экспедициялық қызметтерді жүзеге асыру кезінде тасымалдаушы арнайы және әскери тасымалдауларды жүзеге асыруға өздерінің құзыреттері шегінде мемлекеттік органдардың талаптарын орындайды.
7. Тасымалдаушылармен теміржол көлігімен тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде уәкiлеттi орган орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасасады, бiрлескен бақылау шараларын қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
8. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 154-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк органдар мен ведомствоға қарасты ұйымдардың мамандары, кеңесшілері және сарапшылары уәкiлеттi органға теміржол көлiгi саласында қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуiне көлiктiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттердi орындауда жәрдемдеседі.
9. Тасымалдау процесіне қатысушылар мен жылжымалы теміржол құрамының иелері уәкілетті органға жылжымалы теміржол құрамына, сондай-ақ магистральдық, станциялық және кірме жолдарға жүргізілген жоспарлы жөндеу туралы ақпарат береді.
10. Теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 527 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 12993 болып тіркелген) бекітілген Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидаларымен орнатылған тәртіпте уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді.
11. Көліктегі ішкі істер органдары мен тасымалдаушылар арасында өзара іс-қимыл жолаушылар поездарымен жолаушыларды, багаждарды, жүк багаждарын тасымалдау кезінде Заңмен және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2009 жылғы 21 желтоқсандағы № 485 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 6018 болып тіркелген) бекітілген Көліктегі ішкі істер органдарының патрульдік полициясы саптық бөліністерінің жолаушылар поездарына ілесіп жүруін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықпен белгіленген нормалар шеңберінде жүзеге асырылады.
12. Жолаушылар поездарына ілесіп жүру бойынша патрульдік полиция саптық бөліністерінен бөлінетін полиция жасақшаларының жолаушылар поездарына ілесіп жүруі қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, жолаушылардың жеке және мүліктік, вагон жабдықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
13. Жолаушылар поезындағы тасымалдаушының өкілі рейстік журналға поездарға ілесіп жүру жөніндегі полиция жасақшасына кіретін қызметкерлердің аты-жөнін, олардың қызмет куәліктері мен бағыт парағының нөмірін жазады.
14. Теміржол көлігі жұмысшылары қызметтік міндеттерін орындау кезінде жолаушылар поездарына ілесіп жүруді қамтамасыз ететін патрульдік полиция бөліністерінің жасақшаларына жан-жақты көмек көрсету қажет.
15. Жолаушылар поезындағы тасымалдаушының өкілі қызметтік міндеттерін орындау кезінде:
полиция жасақшаларының бағыт парағына поездағы жедел жағдай туралы ақпарат, қызметкерлердің өз міндеттерін орындауда ескертулер және оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізеді;
көліктегі ішкі істер органдарын полиция поезда ілесіп жүретін жасақшаларының жол жүру кезінде қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны туралы ақпараттандырады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 22 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13614 болып енгізілді.